Қоғамды жетілдіру процесінде ерлер мен әйелдердің тең құқықтылығының рөлі

 

2019 жылдың 10 сәуірінде Нұр-Сұлтан қ. баһаи Ұлттық Офисінде «Отбасыдағы ер мен әйелдің қарым-қатынасы. Тең құқықтылыққа қол жеткізу» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өтті. Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаты, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, академиялық топтардың және студенттердің өкілдері қатысты. Іс-шара адам әлеуетін ашуға қатысты жаһандық тақырыптың шеңберінде, отбасылық құндылықтар тақырыбы төңірегіндегі ой толғаудың жалғасы болды. Қатысушылар біздің қоғамымызды жақсарту үрдісіндегі әйелдер мен ерлер арасындағы тең құқықтылық рөлін жақсырақ түсіну үшін жиналды.
Сөз сөйлеуші ретінде «Гармония» гендерлік агенттігінің директоры, философия ғылымдарының докторы, Ресейдің жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Президенті жанындағы әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат істері жөніндегі Ұлттық комиссияның сарапшылар кеңесінің мүшесі, Замза Қодар шықты. Гендерлік теңдік үшін жаһандық үдерістің тарихи, саяси және заңгерлік мәнмәтіні жайлы оның баяндамасы ары қарай талқылауға ақпарат беріп, дискурста қолданылған терминологияға (гендерлік теңдік пен феминизмнің арасындағы айырмашылық) айтарлықтай айқындық берді. Бұған қоса Қазақстандағы гендерлік теңдік мәселесінің алға жылжуының тарихи көрінісі ұсынылды; статистика және отбасылардың ыдырауы мен сақталуы себептерінің тиісті талдауы ұсынылды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов қоғамды қалыптастырудағы ананың жоғарғы міндетін атап өтті: «Баланы тәрбиелеу отбасында басталады. Және ең алдымен, анасы баласына қандай еңбек сіңірсе, сондай байлықпен ол қоғамға барады. Сондықтан аналарға білім беру маңызды. Біздің болашақ ұрпағымыз осыған байланысты».
Қатысушылар тарихи тұрғыда Қазақстан әлдеқашан гендерлік теңдікті орнату жолымен келе жатқанын атап өтті. Заңнамалық тұрғыдан алғанда, мемлекет бұл жағдай үшін барлық қажетті нәрсені жасаған. Дегенмен технологиялардың өсуі және тұтыну мәдениетінің өмірдің барлық қырларына енуі сияқты адами қарым-қатынастарға деген ықпалы жете бағаланбауы мүмкін емес үрдістер баршылық.
Талқылаушылар бұрын қоғам мен отбасыдағы үстемдік анағұрлым көп физикалық күшке ие ер адамда болғанын айтты. «Бұрынырақ экономикалық үлгі – бұл күш болған. Бұрын мықты ерлер билігі бар халық тірі қалатын. Мұндай халық көршілердің жаугершілігіне қарсы тұрып, алға жылжи алған. Қазір, үшінші техникалық революциядан кейін, экономикалық үлгі шұғыл өзгеруде. Қазір физикалық күшке қарағанда, ақыл-парасат пен білім сұраныста».
«Отбасылық құндылықтар жоғалуда», – деді «Қазақстан әйелдері қауымдастығының» АҚ директоры Гүлнар Баимбетова, – «ажырасу өте оңай бола бастады, бірақ бұл ретте балалар зардап шегеді. Мемлекет отбасының дәстүрлерін сақтау үшін көп нәрсе істеп жатыр, жас отбасы мектептері құрылуда. Біз әйелдерді қорғау үшін құқықтық салада көп жұмыс істейміз, олар жүгінетін жер бар. Сонымен қатар, рухани және адамгершілік тәрбие де маңызды».
«Статистика бойынша, ажырасулардың үлкен пайызы 80-90 жылдар ұрпақтарының арасында. Қазір біз сол жылдардағы дағдарыс кезеңінің балаларын тәрбиелеудің, сол кезде бір нәрсені өткізіп алғандағы, жемістерін көрудеміз. Қазір әйелдер өте білімді, олар көп оқып, балаға көп еңбек сіңіреді, бірақ бала тұлғасының тәрбиесіне қатысқан кезде, тәрбиелеуде бір нәрсені өткізіп алғанда, бірнеше он жылдықтардан кейін қайтадан қиындықтарға тап болмау үшін, оны ақыл-ой мен физикалық тұрғыда ғана емес, сондай-ақ рухани тәрбиелеу де маңызды», – деді ҚР Қоғамдық даму Министрлігінің Ғылыми-талдау және зерттеу Орталығының маманы Анара Мажитова.
Қатысушылар отбасылар тап болатын қиындықтарды, некелердің бұзылу, жастардың некеге тұрмау себептерін зерттеді. Бүкіл әлем бойы кеңейтілген отбасылар маңыздылығының жоғалып бара жатқаны атап өтілді. Технологиялар дамыған ғасырда, қоғамда ерлер мен әйелдердің әлеуметтік рөлі қайта қарастырылып жатқанда, әрбір мүшенің жауапкершілігі туралы айқын түсінік бар отбасының қорғанысын қамтамасыз ету, материалдық қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және балаларды тәрбиелеу сияқты отбасылық үлгілерді сақтау маңызды. Бұл міндеттерді бөлу, көбінесе, отбасының ішінде бір-бірімен келісу, кеңесу қабілетінің қаншалықты дамығанына байланысты. Шешім қабылдауда анасы да, әкесі де тең дәрежеде қатысқанда, көптеген мәселелер шешілуі мүмкін. Ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынаста материалистік құндылықтар басым болған кезде, отбасы эгоорталық дүниетанымға айдалып, ыдырауға душар болады. Сөзсіз, шешілуі тиіс экономикалық қиындықтармен қатар, отбасылық құндылықтарды насихаттау, кеңесу, бір-бірімен келісу қабілеттерін дамытуға деген қажеттілік бар. Отбасыдағы мінез-құлық үлгісі қажет.
Қоғамды ақпараттандыру Офисі дөңгелек үстелдер топтамасын ары қарай жалғастыруды жоспарлап отыр. Баһаилар мұндай сұхбат біздің қоғамымыздың әл-ауқатына жағдай жасай алатын құндылықтар туралы әңгімелесуге түрткі беретініне үміттенеді. Келесі іс-шара 2019 жылдың мамыр айының екінші жартысына белгіленді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған